Жаңалықтар

Медициналық бетпердені тігіп, тегін таратып жатыр

Ойыл ауданы

Ойыл ауданы Қаратал ауылының тұрғыны, жас болса да бес баланың анасы  Бекзат Мусинаны ауыл тұрғындары жақсы біледі.  Бірі көйлек, енді бірі қызының жасауын тіктіреді. Бекзат былтыр «Еңбек» бағдарламасы арқылы 505 мың теңге грант алыпты. Қазір тігін шеберханасын ашып отыр.

— Келін болып түскенен бері үйден іс тігемін. Жұмыстың ауқымын кеңейтейін десем, тігін машинасы, тағы басқа да бұйымдар керек. Аудандық жұмыспен қамту орталығынан көпбалалы аналарға грант берілетінін естіп, хабарластым. Кейін «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыдым. Сөйтіп, қолыма қаржы тиген соң, қажетті құралдарды сатып алдым. Қазір ауылдағы кітапхананың ішінен бір бөлмені жалға алып отырмын. Тапсырыс берушілер көп. Әсіресе, қыз жасауына сұраныс бар. Соңғы кезде коронавирусқа байланысты сақтық шараларына көңіл бөлінуде. Мен де өзімнің пайдам тисін деген ниетпен ауыл әкімі Әділбек Ибатовтың ұсынысын қолдадым. Әкімдік қажетті матаны әкеліп берді. Қазір тігіп, ауыл тұрғындарына тегін таратып жатырмыз, — дейді Бекзат.

Бекзаттың күйеуі Андрей жеке қожалықта жұмыс жасайды. Шөп шабады, мал бағады. Отбасында бес бала өсіп келеді. Бекзат тігін ісінен түскен табысын, отбасының қажетіне жаратады.

— Бағдарламаның біз сияқты аналарға көмегі көп. Ең бастысы — ерінбеу керек, — дейді Бекзат.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button